Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік азамат ұсталды

Ақтөбеде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Еліміз аумағында өтіп жатқан "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласында заңсыз жүрген шетелдік азаматты анықтап, ұстады.

Анықталғандай, көршілес мемлекеттің 38 жастағы азаматы бұған дейін Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысындағы соттың шешімімен ел аумағынан шығарылып, Қазақстанға қайта кіруіне шектеу қойылған.

Алайда белгіленген тыйымға қарамастан, ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, еліміздің оңтүстік өңірлері арқылы жаяу түрде Қазақстан аумағына қайта кірген.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған азаматтың Ақтөбе облысының аумағында жүргені анықталды. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде заңсыз келуші Ақтөбе қаласында ұсталып, қамауға алынды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы (Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту) негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, 8-12 маусым аралығында республика көлемінде көші-қон қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның алғашқы күнінде ғана Ақтөбе облысында көші-қон заңнамасын бұзған 70 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру