Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында Тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті

Қызылорда облысы Арал аудандық полиция бөлімінде Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері мен жас мамандардың кездесуі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиын барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жалдыбай Жанабаев сөз сөйлеп, тәлімгер мен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тәлімгер шәкіртіне талап қоя білгенде ғана білікті маман қалыптасады. Сондай-ақ жас қызметкерлер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, қызмет барысында кездесетін қиындықтарды еңсеруге қабілетті болатынын атап өтті.

Кездесу барысында жас мамандарға құқық қорғау қызметінің қыр-сыры түсіндіріліп, қызметтік міндеттерді адал атқару, азаматтармен мәдениетті қарым-қатынас орнату, кәсібіне құрметпен қарау, Отанның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау және полиция қызметкерінің абыройын жоғары ұстау жөнінде тағылымды әңгімелер айтылды.

Бөлім бастығының орынбасары Алтынбек Бексейтов ардагерлердің өмірлік және қызметтік тәжірибесінің жас буын үшін үлкен мектеп екенін атап өтті. Ол ардагерлердің ақыл-кеңестері мен бағыт-бағдарының жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуы мен тәрбиесінде ерекше маңызға ие екенін жеткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға қолдау көрсету, олардың бойында жауапкершілік пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру