Абай облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 211 келіден астам есірткі мен психотроптық зат тәркіленді
Абай облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 211 келіден астам есірткі мен психотроптық зат тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Дюсембай Байбусуновтың жетекшілігімен Нашақорлықпен және есірткі құралдарының заңсыз айналымымен күресудің дүниежүзілік айлығы аясында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Іс-шараға жастар ұйымдарының өкілдерімен қатар Астана қаласынан келген арнайы делегация қатысты. Делегация құрамында Нашақорлыққа қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Жандос Ақтаев, "Нашақорлықсыз болашақ" қоғамдық қорының директоры Абылайхан Сапарбек және "Esirtkisiz QAZAQSTAN" жобасының үйлестірушісі Мейрам Жұмабаев болды.
Мәжілісті ашқан Дюсембай Байбусунов нашақорлықпен күрес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
— Бүгінде нашақорлық – ұлт денсаулығына, жас ұрпақтың болашағына және қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін күрделі мәселе. Біздің міндетіміз тек қылмыстарды анықтап, жолын кесу ғана емес, сонымен қатар тиімді профилактикалық жұмыстар жүргізу. Әсіресе жастар арасында дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін орнықтыру маңызды. Тек құқық қорғау органдарының, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана бұл қауіпке қарсы нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз, — деді ол.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қамза Тілектің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Абай облысында заңсыз айналымнан 211 келіден астам түрлі есірткі және психотроптық зат тәркіленген. Есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін 22 адам ұсталған.
Сондай-ақ жыл басынан бері өңірде 300-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында психологтар мен нарколог дәрігерлердің қатысуымен өткен тақырыптық дәрістер, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, жастармен кездесулер, "Балалар – есірткіге қарсы", "Біз өмірді таңдаймыз", "STOP есірткіге" акциялары, сондай-ақ спорттық және мәдени-көпшілік шаралар бар. Ерекше назар тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жұмысқа және ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейтуге аударылған.
Мәжіліс барысында Нашақорлыққа қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Жандос Ақтаев мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара соңында "Соц KZ" жастар қозғалысының белсенділерін марапаттау рәсімі өтті. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және профилактикалық акцияларды ұйымдастыруға белсенді үлес қосқан еріктілерге алғыс хаттар табысталды.
