Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер кітапханада әдеби-танымдық кездесуге қатысты

26 маусым күні С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ақтөбе облысы полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған "Ұлттық құндылық – көркем әдебиетте" атты әдеби-танымдық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерген "Оқитын ұлт" бастамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – тәртіп сақшыларын, әсіресе жас мамандарды ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және олардың рухани дүниетанымын кеңейту.

Кездесу барысында қатысушылар Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясы, Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" роман-трилогиясы, Кемел Тоқаевтың "Тасқын", "Түнде атылған оқ" шығармалары мен Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" атты өмірбаяндық туындысы төңірегінде ой бөлісті.

Әсіресе, қазақ хандарының ел басқарудағы кемеңгерлігі, батырлардың ерлік жолы және Кенесары ханның тарихи тұлғасы туралы деректер полиция қызметкерлерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар аталған шығармалардың тәрбиелік мәні, тарихи тағылымы мен көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, олардың жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

– Бүгінгі кездесуге жас полицейлерді арнайы шақырдық. Жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруда кітап оқудың маңызы ерекше деп есептейміз. Батыр бабаларымыздың тарихын, Абайдың даналығын, Бауыржан Момышұлының ерлігі мен өрлігін бойына сіңіріп өскен жас буын елін сүйетін, халқына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына сенеміз, – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Артур Абдрешов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру