Ақтөбеде пробация есебіндегі азаматтарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілді
"Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақтөбе облысының полиция департаменті мансап орталығымен бірлесіп, жұмысқа орналасуға мұқтаж азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға жазасын өтеу орындарынан босап шыққан, пробация қызметінде есепте тұрған, әкімшілік қадағалаудағы және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтар қатысуда.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – аталған санаттағы азаматтарға жұмысқа орналасуға нақты көмек көрсету, тұрақты табыс табуына жағдай жасау және олардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету.
Тұрақты жұмыстың және заңды табыстың болуы – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды факторларының бірі. Сондықтан полиция мен жұмыспен қамту саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен жұмысы тек бақылау шараларымен шектелмей, профилактика мен әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр.
Жәрмеңке барысында азаматтар ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысып, мамандардан кеңес алып, өздерінің білімі мен біліктілігіне сәйкес жұмыс орындарын таңдай алады. Сонымен қатар кәсіп меңгеру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеру мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі.
Осындай шаралар азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, қайталама қылмыстардың алдын алуға және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
- Әр адамға жаңа өмір бастауға, тұрақты жұмысқа орналасуға, кәсіп меңгеруге және қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – тек құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар адамның қайтадан құқыққа қайшы әрекетке бармауына қажетті жағдай жасау, – дейді ұйымдастырушылар.
