Ақтөбеде пробация есебіндегі сотталғандар қала жастарымен бірге спорттық сайысқа түсті
Ақтөбеде пробация есебіндегі сотталғандар қала жастарымен бірге спорттық сайысқа түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандық пробация қызметтері облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қала жастары және пробация есебінде тұрған сотталғандардың қатысуымен «Дені саудың – жаны сау» атты эстафеталық спорттық іс-шара ұйымдастырды.
– №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебінің қолдауымен өткен іс-шараның мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық дағдыларды қалыптастыру және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Тартысқа толы ойында бірінші орынды жас спортшы балалардан құралған ОСДЮШОР №4 командасы жеңіп алса, екінші және үшінші орынды Ақтөбе қаласы Алматы ауданы пробация есебінде тұрған сотталғандардан құралған «Тұмар», «Сұңқар» командалары ұтты. Ал төртінші орынды Ақтөбе қаласы Астана аудандық пробация есебінде тұрған сотталғандардан құралған «Арлан» командасы қанжығасына байлады.
Сайысқа қатысушы барлық командалар алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.