Ақтөбеде пробация қызметі сотталғандар арасында жұмыссыздықты жоюға бағытталған кездесу өткізді
Ақтөбеде пробация қызметі жұмыссыз сотталғандар арасында жұмыссыздықты жоюға бағытталған кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айған Алмағамбетова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас маманы Гүлнар Жұбаниязовамен бірге пробация есебінде тұрған жұмыссыз 11 азаматты жұмыспен қамтуға қатысты мәселелері бойынша қабылдады.
Маңызды кездесуде есепте тұрған сотталғандар тұрмыстық қиындықтарына байланысты біржолғы әлеуметтік төлемақыға қол жеткізу жолдары және жеке кәсіп ашу кезінде кездесетін кедергілерге қатысты сұрақтарына толық жауап алды.
Сотталғандарды қоғамға бейімдеуде маңызы бар іс- шараның мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босаған сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, сондай- ақ оларды қайта әлеуметтендіру болып табылады.
Іс-шараның нәтижесімен, Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған бес сотталған азамат жергілікті жердегі ЖШС-лерге құрылыс және электрик мамандықтарына жұмысқа орналасуға жолдама алды. Айта кету керек, бұған дейін аталған Пробация қызметі «Бизнес бастау» жобасы аясында бір есепте тұрған сотталғанның кәсіп ашып, дамытуына қолдау көрсеткен болатын.