Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация қызметкерлері көмекке мұқтаж отбасыға теледидар сыйлады

Ақтөбеде пробация қызметкерлері көмекке мұқтаж отбасыға теледидар сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметкерлері үйі өртенген көпбалалы Мергенбаевтар әулетіне әйелдер мерекесі қарсаңында теледидар сыйға тартты.

Өткен айдың 26-сы күні үйі толық өртеніп кеткен көпбалалы Мергенбаевтар отбасына көмек ретінде қаражат жиналып жатқанын аталған пробация ұжымы қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерінен естіген.

Кәмелетке толмаған алты бала тәрбиелеп отырған Мақпал Мергенбаеваның үлкен ұлы 15 жаста, кенжесі бес айлық сәби. 

Үйі өртке оранған кешегі қайғылы оқиғадан Мақпалдың екі баласын күйік шалып, бір баласы сол күні көмірқышқыл газымен уланып, облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөлімшесіне жатқызған. Бүгінде жағдайы бір қалыпты. Алайда екі жасар ұлы әлі де дәрігерлердің бақылауында.

Пробация қызметкерлері өз кезегінде әйелдер мерекесі қарсаңында көпбалалы анаға қуаныш сыйлағысы келгендерін айтады.

– Үйі өртенген, көмекке мұқтаж отбасыға теледидар сатып алып беру жөніндегі қызметкерлердің ұсынысы барлық пробация ұжымы тарапынан қолдау тапты. Қазіргі таңда бізді қуантатыны – тілсіз жаудан бүкіл отбасы мүшелерінің аман қалғаны. ҚР Президентінің жарлығымен  биыл «Балалар жылы» болып жарияланды. Ел Президенті осы орайда балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін баса айтқан болатын. Сондықтан біз де өз үлесімізді қосып, осындай көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созу акцияларын алдағы күндері де жалғастыратын боламыз, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Жанна Досимова.

Өз кезегінде пробация қызметкерлерінің қолдауына ие болған көпбалалы ана құқық қорғау қызметкерлерінің арнайы келіп, жәрдем бергендеріне алғысын жеткізді.

– Үйіміз толық өртеніп кеткендіктен, біз ештеңесіз қалдық. Қазіргі таңда біздің отбасымызға кез- келген көмек ауадай қажет. Осыған байланысты өздерінің қаражатына бізге жаңа теледидар сатып әкелген Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметкерлеріне отбасымның атынан үлкен алғысымды айтамын. Балаларым да өте қатты қуанып қалды. Пробация қызметкерлерінің бізге істеген жақсылықтары еселеп қайтсын, – деді көпбалалы ана Мақпал Мергенбаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру