Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицияның қоғамдық көмекшілерінің рөлі күшейтілуде

Ақтөбе облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде полицияның қоғамдық көмекшілерінің рөлі артып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығында қоғамдық көмекшілер мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен кездесу өтті.

Кездесу барысында полиция мен тұрғындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі қоғамдық полиция көмекшілерінің үлесін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Полицейлер көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысын көрнекі түрде таныстырып, олардың құқық бұзушылықтардың алдын алу мен ашудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар цифрлық құралдардың тиімділігі тұрғындардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігіне тікелей байланысты екені ерекше айтылды.

Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов 2 наурыздан бастап күшіне енген "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңның негізгі бағыттарына тоқталып, оның басты мақсаты – профилактикалық жұмысты күшейту екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа нормаларды тиімді жүзеге асыруда халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін қоғамдық полиция көмекшілерінің рөлі айрықша.

Бүгінде өңірде цифрлық бақылау жүйесі қарқынды дамып келеді. Облыс аумағында 87 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 17 мыңы білім беру мекемелерінде орнатылған болса, 26 мыңы жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Мыңға жуық камера жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған, ал 200-ден астамы бет-әлпетті тану функциясына ие. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда қоғамдық көмекшілердің үлесі зор. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етіп, полицияны жедел ақпаратпен қамтамасыз етеді және жергілікті жағдайды бақылауға көмектеседі.

Кездесуде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Дрондар жол қозғалысын бақылауға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауа арқылы алынған бейнежазбалар Жедел басқару орталығына онлайн режимде жеткізіліп отырады. Бұл бағытта полиция колледждерінің студенттері қатарындағы қоғамдық көмекшілермен де жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Айта кету керек, бейнебақылау жүйесі нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Жыл басынан бері оның көмегімен 5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 900-ден астам ұсақ бұзақылық дерегі мен 700-ден астам қоғамдық орындарда мас күйде болу фактісі тіркелген. Сонымен қатар 57 қылмыс ашылды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар полиция мен қоғамдық көмекшілердің бірлескен жұмысы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы мен құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастығы өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру