Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде рақымшылыққа іліккен 12 сотталғанмен «Қақпа алдында кездесу» ұйымдастырылды

Ақтөбеде рақымшылықпен бостандыққа шыққан 12 сотталғанмен «Қақпа алдында кездесу» ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» Заңының қолданылуына байланысты, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 мекемесі рақымшылыққа іліккен жазасын өтеушілер үшін «Қақпа алдында кездесу» жобасын ұйымдастырды. Кездесуге Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің қызметкерлері және қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты.

Аталған іс-шарада бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға тұрмыстық жағдайы бойынша әлеуметтік-құқықтық көмектер ұсынылып, әлеуметтік және моральдық қолдау көрсету бойынша бағыт-бағдар берілді. Сонымен қатар, пробация есебіне алынған азаматтарды толық тануға арналған сұхбаттасулар жүргізіліп, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары қамаудан босағандарға бос жұмыс орындарының тізімін ұсынып, барынша көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

– Жалпы, «Қақпа алдында кездесу» жобасының мақсаты – сотталғандарды әлеуметтік және қоғамға бейімдей отырып, қылмыстың қайталануының алдын алу болып табылады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру