Ақтөбеде сот жүктеген міндеттерді орындамаған сотталған жазасын түзеу мекемесінде өтейді
Ақтөбеде сот жүктеген міндеттерді орындамаған сотталған жазасының қалған бөлігін түзеу мекемесінде өтейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалған ақша дайындап, сауда орындарына өткізгені үшін сот үкімімен бес жыл алты айға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаға сотталған Алға ауданының тұрғыны, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Алға аудандық пробация қызметіне 2020 жылдың қыркүйек айында есепке алынды.
Есепке алынған күннен бастап, пробация қызметкерлері сотталған А.- ға сот тағайындаған міндеттемелерді орындамау немесе оларды орындаудан қасақана бас тарту-бас бостандығынан шектеудің өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығын түсіндірді.
Осы кезеңде Пробация қызметі сотталған А.- ға тиісті әлеуметтік көмектерді де көрсетті: аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, жергілікті жердегі ЖШС-не жол жөндеу жұмыстарына жұмысшы ретінде жолдама берсе, енді бірде денсаулық жағдайын тексерістен өткізуі үшін аудандық емханадан тегін медициналық көмек алуға жібереді. Дегенмен, сотталған А. жолдама берілген жұмыстан да, тегін медициналық көмектен де өз еркімен бас тартып, бармай қойған. Есесіне, Пробация қызметімен жүргізілген мекенжай бойынша тексеру іс- шарасы кезінде сотталғанның мекен- жайын тастап, пробация қызметіне ескертусіз әкімшілік аумақтан шыққаны анықталады және осы жағдай бірнеше рет қайталанып отырады.
– Сотталған А. қоғамнан оқшаулаусыз, бас бостандығынан шектеуді түріндегі жазаның оған түзелуі үшін берілген жалғыз мүмкіндік екенін түсінбеді. Сонымен қатар, пробация қызметкерлерінің «бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеудің тәртібін бұзғаны үшін жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны» туралы ескертулерінен нәтиже шығармады. Осыған байланысты, сотталған А.- ның құжаты аудандық сотқа жолданып, құжатты зерттеу барысында сот ұсынысты қанағаттандырды.
Сот шешімімен сотталған А. жазаның өтелмеген қалған бөлігін, яғни 1 жыл 9 ай 14 күнді бас бостандығынан айыру орындарында өтейтіндігі туралы қаулы шығарылып, сотталған А. қамауға алынды, – дейді Алға аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Руслан Туребаев.