Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде сотталғандарды теологиялық оңалту мақсатында діни іс-шара өтті

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 мекемесінде Нұр-Мубарак ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, республика деңгейіндегі теолог Нұржан Станбакиевтің және “Ихсан орталығы” қоғамдық бірлестігінің теологтары: Бақберді Доғанбаев және Мейірбек Қалмановтың қатысуымен мекемедегі сотталғандарды теологиялық оңалту мақсатында кезекті діни іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Діни іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында дастархан басындағы еркін сұхбат форматында ұйымдастырылған кездесу сотталғандар арасында спорттық ойындармен жалғасын тапты. Спорттық іс-шарада жеңіске жеткен сотталған азаматтарға бағалы сыйлықтар табысталды.

– Аталған іс-шараның мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандарды теологиялық оңалту жұмыстарының нәтижелі болуына әсері мол болды. Жалпы, сотталғандар арасында осындай теологиялық оңалту бағытындағы іс-шараларды өткізудегі мақсат –оларды теолог мамандармен ашық әңгімелесуге тарта отырып, оңалтуға ықпал жасау. Сонымен қатар іс-шараны осындай ерекше форматта ұйымдастырудағы ойымыз – спорттық іс-шаралар арқылы сотталғандардың көңіл-күйлерін көтеріп, дастархан басында олардың жақсы қарым-қатынаста болуына ыңғай жасау. Негізі, сотталғандарды оңалту мақсатында жыл басында бекітілген іс-жоспарымызға сәйкес “Ихсан” және “Ақниет” орталығы қоғамдық бірлестіктері, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы, мешіт имамдарының аптасына екі рет мекемеге келуімен жеке және топтық іс- шаралар ұйымдастырылады. Одан бөлек, мекемедегі сотталғандарды оңалту мақсатында басқа да кездесу іс-шаралары жиі өткізіледі. Мәселен, биыл мекемемізге еліміздің Бас мүфтиі келіп, жазасын өтеуші сотталғандармен кездесіп, оңалту бағытында өте жақсы әңгімелесулер болды. Одан бөлек, республикалық деңгейдегі теолог мамандардың жиі келуімен ерекше кездесулер болады, – дейді №70 мекемесінің теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы Абай Тұрымұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру