Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде суға батқан баланы құтқарған сотталған Төтенше жағдайлар министрінің медалімен марапатталды

Ақтөбеде суға батқан баланы құтқарған сотталған Төтенше жағдайлар министрінің медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 18 жастағы сотталған Айбар, өз өмірін қатерге тігіп, суға батып бара жатқан сәбиді құтқарғаны үшін Төтенше жағдайлар министрі генерал- майор Юрий Ильиннің қолы қойылған «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Оқиға осы жылдың 28 мамыр күні Ақтөбе облысында орын алған еді. Қарғалы өзені бойымен серуендеп келе жатқан сотталған Айбар суға батып бара жатқан баланы көреді. Ойланбастан суға секірген ол, жағадан шамамен 2 метрдей қашықтыққа жүзіп барып, баланы судан алып шығады.

Баланы жағаға әкеле жатып «Жедел жәрдем шақырыңдар» деген Айбардың жанұшырған айқайын естіген сол маңдағы 15 жастағы жасөспірім оған көмекке келеді. Екі батыр баланың жүрегіне массаж жасап, жасанды жолмен тыныс алдырады. Сәлден соң жеткен жедел жәрдем дәрігерлері бүлдіршіннің өмірін құтқаруға дер кезінде көрсетілген алғашқы медициналық көмектің себепкер болғанын айтады.

– Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған Айбар бұл іс- әрекетімен пробация инспекторларымен жүргізілген психологиялық және әлеуметтік- құқықтық жұмыстардың нәтижелі болып, өзінің түзелу жолына нық тұрғандығын дәлелдеді.
Жалпы, Айбардың мінезі жайлы, пробация қызметтерімен ұйымдастырылатын кез- келген волонтерлік іс-шараларға белсенді қатысады және ол өзінің еріктілер қатарында екенін тағы бір айқындап берді, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Жанна Досимова.

Жуырда Ақтөбе қаласының Алматы аудандық Пробация қызметі басшылығының бастамасымен және өңірдегі «Volonter.2020 Aktobe» қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен пробация есебінде тұрған Айбардың ерлігі еленіп, оған сыйға планшет табыс етілді.

 

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру