Ақтөбеде жол-көлік оқиғасынан екі жолаушы көз жұмды
Ақтөбе облысында жас жүргізуші көлігін игере алмай, қарсы қозғалысқа шығып, қарама-қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 тамыз сағат 18:40-да Темір ауданының тұрғыны «Opel Vectra» автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі «Ақтөбе-Богословка» автожолымен Сазды ауылы жағынан Ақтөбе қаласының «Строитель-1» автобус аялдамасына қарама-қарсы бағытта келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, соның салдарынан «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Opel Vectra» автокөлігінің екі жолаушысы алған жарақаттарынан Ақтөбе қаласының Жедел жәрдем ауруханасында қайтыс болды.
«Toyota Camry» автокөлігінің төрт жолаушысы Ақтөбе қаласы Жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді, оның үшеуі тексеруден өтіп, біреуі ауруханаға жатқызылды.
«Opel Vectra» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласы Жедел жәрдем ауруханасына нейрохирургиялық бөлімге жатқызылды, оның 2019 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айырылғаны, алкогольге қан алынғаны және химиялық-токсикологиялық сараптама тағайындалғаны анықталды.
Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР ҚК 345-бабы «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы« бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті автомобиль-қауіптілігі жоғары құрал екенін еске салады. Сондықтан, автомобильді басқара отырып, қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдау, жол-метеорологиялық жағдайларды ескеру, қарсы қозғалыс жолағына шығуға байланысты қауіпті маневрлерден бас тарту қажет.