Ақтөбелік сотталған азамат «TARLAN» таксофон картасын ұтты
Түрмеде «Өмір туралы» өлеңімен әдеби- онлайн байқауға қатысқан ақтөбелік сотталған «TARLAN» таксофон картасын ұтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ұйымдастыруымен еліміздің барлық түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші сотталғандар арасында «Өмір туралы» өлеңімен ерекшеленген сотталған Наурызбай, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 түзеу мекемесінде жазасын өтеуде.
«Өкініш. Болашаққа хат. Менің өмірімдегі бақытты күн-2020» әдеби онлайн байқауынан республика бойынша тағайындалған бес арнайы жүлденің біреуін ақтөбелік жазасын өтеуші сотталған «Өкініш» номинациясы бойынша жеңіп алды.
«Суық қаруды қолдану арқылы денсаулыққа зиян келтірілген бұзақылық» бабымен үш жыл бұрын темір торға қамалған ол, енді «TARLAN» карточкасын пайдалану арқылы таксофонмен бір жыл бойына отбасымен тегін байланысатын болады.
– Байқаудың өтетіндігі туралы жасақ бастығынан естігенде, қатысуға ниет білдірдім. «Өмір туралы» өлең шумақтары тергеу изоляторында қамауда отырған кездерімде өкініштен туылған болатын.
Қазіргі уақытта «TARLAN» картасын пайдаланып, таксофон арқылы отбасыммен байланысып тұрамын. Сол үшін осы әдеби байқауды ұйымдастырушыларға және мекеме әкімшілігіне үлкен алғысымды білдіремін.
Жалпы, мұндай байқаулардың арқасында ашылмай жатқан таланттарымыз ашылып, қамаудағы күндеріміз пайдалы мақсатқа жұмсалады, – дейді КА-168/2 түзеу мекемесіндегі жазасын өтеуші.