Ардагерге құрмет – ұрпаққа өнеге
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірдегі ардагерлер ұйымында 1500-ге жуық адам бар. Олардың 300-ге жуығы Петропавл қаласында тұрады. Ардагерлер жас қызметкерлермен тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп, полиция қызметінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Қызметтік жұмыстың тығыздығына қарамастан, полицейлер ардагерлердің әрқайсысына жеке барып құттықтауға тырысады. СҚО ПД бастығы Руслан Назаров СҚО ПД және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықовпен бірге 73 жастағы ардагер Мұрат Ташетовтің үйіне барды.
Мұрат Зияденұлы қатардағы милиционерден патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 1997 жылы еңбек демалысына шықты. Ол бүкіл қызмет жолын Петропавлда қоғамдық тәртіпті сақтауға арнады. Руслан Назаров ардагер мен жұбайын мерекемен құттықтап, гүл мен естелік сыйлық табыс етті.

Ақан Сыздықовтың айтуынша, аға буынды қолдау жүйелі түрде жүргізіледі: ардагерлерге медициналық қызмет алуға көмектесіп, мерейтой иелерін құттықтайды. Аудандық бөлімшелер де бұл жұмыстан тыс қалмайды. Жергілікті полицейлер ардагерлерге шаруашылық жұмыстарында көмектесіп, үй маңы мен бақшаларын ретке келтіреді.
Жас қызметкерлер үшін бұл – мерекелік дәстүр ғана емес, аға буынға еңбегі, тәжірибесі мен адамгершілігі үшін алғыс білдіру мүмкіндігі.
