Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арманы – полицей болу: 5 жасар бүлдіршіннің анасы тәртіп сақшыларына алғысын білдірді

Полицей болуды армандайтын 5 жасар бүлдіршіннің анасы тәртіп сақшыларына алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарысу ауданының Жаңатас қаласында тұратын 5 жасар Жансеріктің туғаннан бір бүйрегі болмаған. Алайда арманы асқақ бүлдіршін болашақта өз өмірін полиция қызметімен байланыстырып, қылмыспен күресуді мақсат тұтады. Бұл туралы ол еміне ақша жинауға көмектескен қоғам белсенділеріне айтқан.

Сарысу аудандық полиция бөлімінің басшылығы ол бейнежазбаны әлеуметтік желілерде көріп, баланы қуантуға шешім қабылдаған. АПБ бастығы Болат Айтжанов, оның бірінші орынбасары Қанат Нарбеков кішкентай балақайдың үйіне барды. Олар ойыншықтар, тәттілер, полицияның жезл таяғы және өз фуражкасын сыйға тартты.

– Балаларға қуаныш сыйлау керемет сезім ғой. Жансерік – өте ақылды бала, біз оны қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді Болат Айтжанов.

Жансерік полицейдің қалпағын киіп, қолына жезл ұстап, өзін жол полициясы қызметкерінің орнына таныстырып, қонақтармен бірге жол қозғалысы ережелерін жаттады.

АПБ бастығы зор денсаулық, оқуда табыс тілеп, балақайдың анасы Жансаяға ұлының полиция қатарында қызмет етуге деген ұмтылысын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Баланың анасы полиция басшылығына көңіл бөліп, қолдау көрсеткені, баласының арманын орындағаны үшін алғыс білдірді.

– Менің ұлым үшін бұл қуанышты жайт күтпеген тосын сый болды. Операция алдында оған көптеген жағымды эмоциялар сыйлап, көңілін көтеріп кетті. Сонымен қатар, бұл жақсы оқуға үлкен мотивация болды, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру