Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Арзан бағада пәтер алып беремін”: алаяқ әйел семейлік тұрғынның 3,2 млн теңгесін алдап алды

“Арзан бағада пәтер алып беремін” деп уәде берген алаяқ әйел семейлік тұрғынды алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың қазан айының соңында Семей қ.ПБ Әуезов ПБ “102” жедел арнасына 32 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Ол ағымдағы жылдың сәуір айында бейтаныс әйел алдау және сенімге кіру жолымен, нарықтық бағадан төмен пәтер сатып алуға көмек көрсету сылтауымен, оның 3,2 миллион теңге мөлшеріндегі ақша қаражатын иемденгенін хабарлады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні анықтады. Қаскүнем ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігіне сәйкес осыған ұқсас қылмыс бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде екен. Бұл баптың санкциясы мүлкі тәркілеу және үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жазаны көздейді.

Айта кетсек, қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті сатып алу қаражатты салудың ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Сондықтан тұрғын үй нарығы алаяқтар үшін өте тартымды, әрі тиімді. Әдемі фотосуреттермен және жоқ пәтер мен үйлердің арзан бағасымен алдап ұсыну  арқылы алаяқтар заңсыз қарапайым азаматтардың қомақты ақшасын иемденеді. Көбінесе осылай пәтерлерді тиімді сату туралы жалған хабарландырулар көпшілікке интернет арқылы таратылады.

Осыған байланысты, полиция қызметкерлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және ашуға бағытталған “Hi-tech” жедел-профилактикалық іс-шарасын тұрақты негізде өткізіп тұрады. Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысының аумағында ағымдағы жылдың 8-14 қараша аралығында аталған іс-шара өткізілуде.

– Республикалық жедел профилактикалық іс-шараның екі күнінің қорытындысы бойынша бұрын жасалған 21 интернет-алаяқтық ашылды. Интернет желісіне мониторинг жүргізу нәтижесінде заңсыз контенттің мазмұны бар 22 сайт анықталды. Олар бойынша қазіргі уақытта бұғаттау туралы мәселе қарастырылуда, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Жыл басынан бері осындай 430 алаң бұғатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру