Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ашық есік күні: СҚО-да сотталғандар туыстарымен қауышты

Солтүстік Қазақстан облысында сотталғандар туыстарымен қауышты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының ер адамдар жазасын өтеп жатқан орта қауіпсіздік ЕС-164/3 мекемесінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Сотталған ер адамдар өз ата-аналарымен, жарларымен, аға-әпкелерімен және балаларымен кездесуге мүмкіндік алды. Бұл күнді сотталғандар да, жақын туыс-туғандары да асыға күтті. Мекемеге барлығы 50-ге жуық туған-туыстары Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарынан келді.

Іс-шара иммундаудың болуын, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтауды, сондай-ақ «Ashyq» жобасын пайдалануды қамтитын барлық санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып жүзеге асырылды. Келген туыстарға қойылған басты талап – бірінші және екінші компоненттерге COVID-19 вакцинациясының болуы. Ашық есік күніне қатысуға оң мінездемесі бар сотталғандар қатысты.

– Соңғы рет ЕС-164/3 мекемесінде ашық есік күні бір  жыл бұрын өткізілді. Ашық есік күні болады деп туыстарына хабарласқанымда, төбелері көкке жетті. Барлығы бұл күнді асыға күтті. Бүгінгі өткізілген іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың туыстарымен әлеуметтік пайдалы байланыстарды сақтауы. Осындай іс-шаралар сотталғандардың түзеліп, мерзімінен бұрын босап шығуына серпіліс береді. Тәрбиелік маңызы өте зор. Бүгінгі күні біз қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелерін де жазаны орындайтын мекемелер қызметінің ашықтық деңгейін арттыру мақсатымен аталмыш іс-шараға шақырдық. Алда осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жиірек өткізу жоспарда бар, – деді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Сотталғандардың туған-туысқандары мекеме бастығы Валихан Байтасовқа және орынбасарларына қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Содан соң туыстарына сотталғандар тұратын жасақ пен мекеменің медициналық-санитарлық бөлімі бойынша экскурсия жүргізілді. Темір тордың арғы жағындағы ер адамдар 8 наурыз мерекесі қарсаңында көңіл-күйді көтеру және сүйікті әйелдерін құттықтау мақсатында кішігірім концерттік бағдарлама дайындап, өздерінің жасаған сыйлықтарын аналарына ұсынды.

Мекеме асханасында қауышу кезінде туыстары да, сотталғандардың өздері де қуаныштың көз жасын жасырмай, жылулығымен бөлісті.

– Менің балам ұрлық үшін сотталды. Нкі жылын өтеп, бір жылы қалды. Бүгін тұратын жерін көрдім, жылы, таза. Ас мәзірлері де ілініп тұр. Бәрі тап-тұйнақтай. Баламды көре алатынымды естігенде, қатты қуандым. Қостанай қаласынан келіп отырмын. Өте бақыттымын. Балам 35 жаста болса да, мен үшін әлі кішкентай сияқты. Ана жүрегі баласы 50-ге келсе де, ауырады емес пе? Өте қуаныштымын, мұндай іс-шаралар жиі болып тұрса екен деген тілегім бар, – деді сотталғанның анасы Разия.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру