Астанада есірткі қылмысының алдын алу мақсатында 300-ге жуық адамға спартакиада ұйымдастырылды
Астанада полиция есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар арасында спартакиада өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полиция департаментінің есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы профилактикалық жұмысы аясында 300-ге жуық жас спорттық спартакиадаға қатысты.
"Астана – есірткісіз қала" ұранымен өткен іс-шара елорданың өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жастардың басын қосып, оларды спортқа, белсенді өмір салтына және пайдалы бос уақытты тиімді өткізуге бағыттады.
Іс-шараны Астана қаласы полиция департаменті, Сарыарқа ауданының әкімдігі, "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы, Астана қаласының Білім басқармасы және "Пенчак силат" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Қатысушылар шағын футбол, волейбол, қол күресі, үстел теннисі, гір көтеру, кермеге тартылу, арқан тарту және спорттық эстафета бойынша өзара бақ сынасты.
Спартакиада барысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға ерекше көңіл бөлінді. Мұндай іс-шаралар жастардың өзара қарым-қатынас орнатуына, командалық жұмыс дағдыларын дамытуына, қоғамдық бастамаларға қатысуына және жеке әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен ерекше көзге түскен қатысушылар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спорттық іс-шаралар өткізу – полицияның профилактикалық жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Спорт жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, тәртіптілік пен командалық рухты қалыптастыруына, пікірлес адамдарды табуына және белсенді өмір салтын таңдауға ықпал етеді.
Жастармен профилактикалық жұмыс одан әрі жалғасады. Жаңа оқу жылының басталуымен полиция елорданың білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейтеді. Оқушылар мен студенттер үшін құқықтық сауаттылықты арттыруға және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған дәрістер, спорттық және интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылады.
