Астанада полиция омниканалды жүйе арқылы 30 мыңнан астам өтініш қабылдады
Астана қаласының полиция департаменті азаматтардың өтініштерін қабылдаудың омниканалды жүйесін енгізіп, халықпен тиімді әрі жедел байланыс орнатудың заманауи тетігін қалыптастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері аталған жүйе арқылы полицияға 30 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 312-ден астам бейнеқоңырау мен 30 мыңға жуық SMS хабарлама бар.
Омниканалды байланыс арқылы келіп түскен өтініштердің бірі жол қозғалысы ережесін бұзу дерегіне қатысты болды. Қала тұрғыны полицияға хабарласып, Hyundai автокөлігінің рұқсат етілмеген жерге қойылғанын мәлімдеген.
Ақпаратты жедел тексерген полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған 45 жастағы жүргізушіні анықтады. Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
– Омниканалды жүйе – халықпен жедел әрі тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Бұл тәсіл азаматтардың полицияға жүгінуін жеңілдетіп қана қоймай, келіп түскен өтініштерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Астана қаласының полиция департаменті аталған жүйені одан әрі жетілдіріп, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді жалғастыра береді, – деді полиция департаментінің өкілі.
