Астанада полиция телефон және интернет-алаяқтықтың 10-ға жуық дерегінің жолын кесті
Астанада полиция телефон және интернет-алаяқтықтың 10-ға жуық дерегінің жолын кесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада өткізіліп жатқан “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратурамен, “Қазақтелеком” АҚ және байланыс операторларымен бірлесіп, қала тұрғыны – егде жастағы әйелге қатысты телефон алаяқтығы дерегін анықтап, жедел түрде тоқтатты.
Алаяқтар кең таралған схема бойынша әрекет еткен. Өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырып, олар зейнеткер әйелге шұғыл түрде тексеруден өту қажеттігін хабарлаған.
Әңгіме барысында әйелге SMS-код жіберіліп, ол алаяқтардың айласына түсіп, кодты айтып қойған. Алайда кейін күмәнданып, қырағылық танытып, емханаға өзі хабарласып, ақпаратты нақтылаған.
Осы уақытта оның телефонына өзін “банк қызметкері” ретінде таныстырған белгісіз тұлғалардан қоңыраулар түсе бастаған. Алаяқтар оның жеке деректері таралып кеткенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, “ақшаны сақтап қалу” сылтауымен психологиялық қысым көрсетіп, әрі қарай әрекетке итермелеген.
Осы сәтте оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп жетті. Құқық қорғау органдарының жедел араласуының арқасында қылмыстық схема дер кезінде тоқтатылды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, алаяқтар шамамен 1,5 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты иемденбек болған.
Полиция қызметкерлері әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізіп, қашықтан жасалатын алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен сақтық шараларын түсіндірді.
Аталған күні елордалық киберполиция қызметкерлері осындай 10-ға жуық деректің жолын кесті. Әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Полиция азаматтарды алаяқтардың айласына түспеуге, бөтен адамдарға SMS-кодтар мен жеке деректерді бермеуге, күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
