Астанада ҚАЖД қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту курсы өткізілді
Елімізде алғаш рет қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту курсы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және қажетті жағдайлар жасау мақсатында үш күндік оқыту іс-шарасы ұйымдастырылды.

Аталған курс Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату дағдыларын дамытуға бағытталды. Оқу барысында қатысушылар ым-ишара тілінің негіздерін меңгеріп, инклюзивті орта қалыптастырудың маңыздылығын терең түсінді.

Қатысушылардың айтуынша, бұл курс олардың кәсіби қызметінде аса маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берген.
- Бұл оқыту біз үшін өте пайдалы болды. Енді есту қабілеті бұзылған азаматтармен еркін әрі тиімді қарым-қатынас жасай аламыз, – деп атап өтті қатысушылардың бірі.
Іс-шара қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Оқыту курсы ҚР "Қазақстанның саңыраулар қоғамы" бірлестігінің қолдауымен өткізілді.
Бұл бастама – қоғамда тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтуға және инклюзивті мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
