Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жалған чекпен саудагерлерді алдаған күдіктілер анықталды

Астанада жалған чекпен саудагерлерді алдаған күдіктілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорда полицейлері жалған чек арқылы жасалынатын алаяқтық фактілері жиілеп кеткенін ескертеді. Қаскүнемдер Telegram қосымшасындағы чат боттар арқылы ақша аударымы туралы жалған чекті жасап, сауда қызметкерлерін алдайды. Чекте аударым сомасы, уақыты және қаражат аударылған адамның аты-жөні көрсетіліп тұрғандықтан, алданып қалатын жеке кәсіпкерлер жиі кездеседі.

Мәселен, Нұра ауданы ПБ полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 39 жастағы қала тұрғынын анықтады. Әйел күндізгі уақытта Маметова көшесіндегі минимаркетке келіп, 28 500 теңгеге азық-түлік алған. Алайда ол кассада төлем жасаған сыңай танытып, қолдан жасалған чекті көрсетіп, кетіп қалған.

Осыған ұқсас алаяқтықтың тағы бір фактісін Байқоңыр ауданының полицейлері анықтады. Тергеу барысында белгілі болғаны, 32 жасар елордалық азамат Алаш тас жолында орналасқан көтерме бағада тауар сататын қоймаға келіп, бірнеше рет тауар алған. Осылайша саудагердің сеніміне кірген қаскүнем 378 мың теңгеге сауда жасаған және жалған ақша аударымының скриншотын көрсетіп, тауар үшін есеп айырылысқан. Кейін алаяққа алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген.

Барлық алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру