Астаналық тұрғын сатушыларды жалған түбіртекпен алдап кетті
Астаналық тұрғын тауардың төлемі туралы түбіртек жасап, қалалық сатушыларды алдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр ауданы ПБ қызметкерлері жалған төлем түбіртектерімен сатушыларды алдаған 36 жастағы Астана қаласының тұрғынын анықтады.
Белгілі болғандай Сейфуллин көшесіндегі дүкенде ер адам сатушыға жалған төлем түбіртегін көрсетумен жалпы сомасы 35 мың теңге шамасындағы кеңсе тауарларын алып, алдап кеткен. Сатушының айтуынша, ер адам ұялы телефон қосымшасынан жалған чекті көрсеткен, алайда төлем мүлде жасалынбаған.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында осыған ұқсас тағы 6 алаяқтық фактіге қатысы бар екені анықталып жатыр.