Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысының бас полицейі 2020 жылды қорытындылады

Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев жеке құраммен жедел кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел кеңес барысында Ішкі істер министрлігінде өткен ведомствоның кеңейтілген алқасында берілген тапсырмалар қатысушыларға жеткізілді.

– Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдары жүйесі үшін 2021 жылды – құқық бұзушылықтардың алдын алу және “жұртқа жақын полиция” қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жариялады. Қазақстандық полицияны жұмыстың сервистік моделіне көшіру үшін “Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдер” пилоттық жобасы іске қосылды. Ол құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын талдауды, оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ халықты құқық бұзушылықтардың алдын алу процесіне тартуды көздейді, – деді Қамза Бақтығалиұлы.

Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында, халықтың сенімін арттыру мақсатында, азаматтармен ашық диалог жүргізу үшін жұмыстың сервистік моделіне көше отырып, “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда Атырау облысында 92 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді (облыс орталығында-27, аудандарда-65), оның ішінде 22 учаскелік пункт тұрғын үймен біріктірілген.

Облыс әкімдігіне жергілікті атқарушы органдардың ғимараттарында орналасқан үй-жайлардың орнына қосымша 57 учаскелік полиция пунктін салу туралы ұсыныс әзірленді.

Бұдан басқа азаматтар көп жиналатын орындарда жеті модульдік полиция бекеті орнатылған. Облыс бойынша қосымша 17 бекет орнату жоспарлануда.

– Халықпен кері байланыс орнату мақсатында 214 учаскелік полиция инспекторы өздерінің әкімшілік аумақтарында тұратын жергілікті халықтың чаттарына  қосылды. Сонымен қатар, әрбір учаскелік полиция инспекторы “Facebook” әлеуметтік желісінде өз парақшаларын ашып, күнделікті атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп береді – деді Департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Жиын соңында Атырау облысы ПД бастығы  Қамза Үмбетқалиев Ішкі істер министрінің алқа отырысында берген тапсырмаларының сапалы орындалуы қатаң бақылауда екендігін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру