Атырауда 43 жастағы сотталған алғаш рет жеке куәлігін алды
Атыраудада ҚАЖД-ға қарасты №79 мекемесінде жазасын өтеуші алғаш рет жеке куәлік алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысындағы №79 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 43 жастағы әйел алғаш рет жеке басын куәландыратын құжатқа ие болды.
Батыс Қазақстан облысының тумасы 2021 жылдан бері аталған мекемеде жазасын өтеп келеді. Белгілі болғандай, ол осы уақытқа дейін өмірінде ешқашан жеке куәлік алмаған және құжатсыз өмір сүрген.
Сотқа жүгіну арқылы азаматшаның жеке басы анықталып, туу туралы куәлігі рәсімделді. Сондай-ақ оған жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріліп, нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі табысталды.
Аталған жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуына №79 мекемесінің заңгері Гүлзада Қуанышқалиқызы мен арнайы есеп бөлімінің бастығы Айдана Садуовнаның еңбегі зор болды. Олар қажетті құжаттарды жинақтап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстарды үйлестірген.
Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, бұл — азаматтың құқықтық мәртебесін қалпына келтіруге және алдағы уақытта қоғамға бейімделуіне жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Мамандардың айтуынша, жеке басын куәландыратын құжаттың болуы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу және мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін аса маңызды.
