Атырауда ПД басшысы қызмет бабында қаза тапқан полицейдің ұлын алғашқы қоңыраумен құттықтады
Атырау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің ұлы Дидар Сариев биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет атқарған полиция қызметкері Анарбек Сариев 2020 жылғы 11 шілдеде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан.
Биыл оның ұлы Дидар Сариев "Sana" бастауыш мектебінің 1-сыныбына қабылданып, алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.
Осы айтулы күні Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев жас өренді арнайы құттықтап, мектепке барды.

Өңірдің бас полицейі Дидарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, сабағын жақсы оқып, білімді, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуына ақжолтай тілек білдірді.

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерінің отбасына қолдау көрсету – полиция қызметкерлері үшін азаматтық парыз әрі қалыптасқан қызметтік дәстүрдің бір бөлігі.
Дидардың алғашқы қоңырауы – оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Оған білім жолында биік белестер мен жарқын жетістіктер тілейміз.

