Атырауда робототехника көрмесі ұйымдастырылды
Атырау қаласында "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында балалардың техникалық шығармашылығын дамытуға арналған робототехника көрмесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
KIBERone IT мектебінде ұйымдастырылған іс-шараға оқушылар, ата-аналар мен педагогтер қатысып, жас өнертапқыштардың тың жобаларымен танысты. Көрме барысында оқушылар өз қолдарымен құрастырған роботтарын таныстырып, бағдарламалау және инженерлік бағыттағы жобаларының ерекшеліктері туралы баяндады.
Қатысушылар заманауи технологиялардың мүмкіндіктеріне куә болып, жас буынның инновациялық ойлау қабілеті мен шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың ғылым мен техникаға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға жол ашады.
Көрменің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың техникалық білімге деген қызығушылығын қолдау, ғылыми ізденіске баулу және заманауи технологиялар саласына бағыт беру. Сонымен қатар іс-шара аясында отбасы құндылықтарын дәріптеу, өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуінің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мамандардың пікірінше, бала тәрбиесінде отбасының рөлі ерекше. Сондықтан мұндай бастамалар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ғана емес, сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға, қоғамда ізгілік пен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Робототехника көрмесі жас өнертапқыштардың мүмкіндіктерін танытып қана қоймай, олардың болашақта ғылым мен технология саласында табысты маман болып қалыптасуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.
