Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер криптовалютамен байланысты қылмыстарды тергеу бойынша білімін жетілдірді

СҚО-да полицейлер криптовалютамен байланысты қылмыстарды тергеу бойынша білімін жетілдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде криптовалюталар мен өзге де цифрлық активтерді пайдалануға байланысты қылмыстарды тергеу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері қатысып, цифрлық кеңістіктегі қылмыстарды анықтау мен тергеудің заманауи тәсілдерін меңгерді.

Семинарды облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Қожахметов ашты. Оқыту барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің заң және норма шығармашылық үйлестіру департаменті басқармасының бастығы Талғат Тәжин, жедел-криминалистикалық департаменттің криминалисі Дулатбақыт Рапишев, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар мен сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Мамандар цифрлық активтерді пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың ерекшеліктері, оларды анықтау мен құжаттау тетіктері, сондай-ақ заманауи технологиялардың мүмкіндіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Қазіргі таңда криптовалюталарды интернет-алаяқтар мен есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтар жиі қолданады. Олар цифрлық активтердің жасырын сипатына сенім артқанымен, заманауи технологиялар қаржы ағындарын бақылауға және қылмыстық әрекеттерді дәлелдеуге қажетті деректерді анықтауға мүмкіндік береді.

Семинар барысында қатысушылар криптовалюталық транзакцияларды талдау әдістерін, арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету құралдарының мүмкіндіктерін және осындай санаттағы қылмыстарды тергеу алгоритмдерін тәжірибе жүзінде зерделеді.

Мамандардың айтуынша, алынған білім мен тәжірибе полиция қызметкерлерінің криптовалюталарды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын қылмыстық схемаларды тиімді анықтауына, сондай-ақ киберқылмыс саласындағы жаңа қауіп-қатерлерге жедел әрі нәтижелі қарсы тұруына мүмкіндік береді.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында құқық қорғау органдарының кәсіби даярлығын жетілдіру – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және киберкеңістіктегі қылмыстардың алдын алуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру