Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда сотталғандар көше сыпырып жүр

Атырауда 70 -ке жуық сотталған азамат көше сыпырып, қоғамдық жұмыстар атқару арқылы жазаларын өтеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте болған шенеуніктер де бар. Бұл жөнінде Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселен, аяғын шалыс басқан Аман қазір бұрын жасаған қылмысы үшін өкінеді. Бірақ қоғамдық жұмыстарға арланбастан кірісіп, қаланы қоқыстан тазартып жүр.

– Маған қылмыс жасағаным үшін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Көше тазалап жүргеніме еш арланбаймын. Күніне төрт сағат Атырауды қоқыстан тазартамын, – дейді жазасын өтеуші Аман.

Пробация қызметінің есебіне алынған сотталған азаматтар күніне төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін еңбек ете алады. Ескере кететін жайт, оларға бұл еңбектері үшін ақы төленбейді.

– Қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза соттың үкімімен жергілікті атқарушы органдар бекіткен объектілерде жүзеге асырылады. Қоғамдық жұмысқа тарту арқылы сотталғандарды тәрбиелеп, қайтадан қылмыс жасауына жол бермеу. Қоғамдық жұмыстың тәрбиелік әсері өте тиімді. Жазасын өтеуші азаматтар екінші рет шалыс баспауға тырысады,- дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.

Айта кетейік, қазір пробация қызметінің есебінде 1200 сотталған азамат бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру