Атыраудағы әйелдер түрмесінің сотталғандары мен қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина алды
Атыраудағы әйелдер түрмесінің сотталғандары мен қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 (Әйелдер түзету колониясы) мекемесінің қызметкерлері мен жазасын өтеуші әйелдердің барлығы коронавирусқа қарсы вакцина алды.
УГ-157/11 мекемесі бастығының орынбасары Марта Утепованың айтуынша, жазасын өтеуші әйелдерге үлгі көрсету үшін, вакцинаны алдымен мекеме қызметкерлері алып, кейін вакцинаның әсері мен қажеттілігі туралы сотталған әйелдерге айтқан.
Адам өлімі үшін 10 жылға сотталған Анна коронавирусқа қарсы вакцинаны алмас бұрын, ұзақ ойланғанын айтады. Ал есірткі сақтағаны үшін жеті жылға сотталған Әйгерім екпені алғашқылардың бірі болып алды.
– Вакцина туралы ұзақ ойландым. Кейін мекеме дәрігерінен өз сұрақтарыма жауап алғаннан кейін ғана барып, вакцинаға келістім. Екпені ерікті түрде алдым. Түрмеде отырсақ та, екпе алуға жағдай жасаған мекеме басшылығына алғыс айтамын. Екпе алғаннан кейін шай ішіп, 30 минут дәрігер бақылауында болдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, – дейді Анна.
Енді мамыр айында сотталған әйелдер вакцинаның II компонентін алады.