Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Ладаны” дөңгелексіз қалдырған екеу

Алматы облысының полицейлері көлік дөңгелектерін ұрлауды әдетке айналдырған екі жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияға шағым түсірген Іле ауданының 23 жастағы тұрғыны белгісіз біреулердің «Лада-2115» көлігінен төрт дөңгелекті шешіп кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел-іздестіру тобы Боралдай кентіндегі көпқабатты үйлер ауласында ұрлық болғанын анықтады.

Ұрылардың ізіне түскен полицейлер қолды болған заттарды сатып алушының қолынан тәркіледі.

Дөңгелектерді оған кім сатқаны да көп ұзамай белгілі болды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 22 жастағы жігіт ұсталып, бір сағат ішінде оның 19 жастағы серігі де қолға түсті.

Екеуі де Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Көшеде такси боп жүрген олар Боралдай кентінде қараусыз қалған автокөліктерді торуылдаған. Сөйтіп қымбат дөңгелектері мен жаңа резиналарын алып кетіп отырған.

Қолды болған заттардың бәрі заңды иесіне қайтарылды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің  188-бабы “Ұрлық” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру