Аяқ киімге телефон жасырып, түрмеге кіргізбек болған ақтөбелік анықталды
Ақтөбеде аяқ киімге телефон жасырып, түрмеге кіргізбек болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 тергеу изоляторының тәртіп және күзет қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемелерді тексеру кезінде, аяқ киімнің табанына мұқият жасырылған екі ұялы телефон және екі «Beeline» сим-картасы мен зарядтағыш құрылғыларды тауып, тәркіледі.
Мекемеге тыйым салынған заттарды Ақтөбе қаласының Р. М. есімді 1990 жылғы тұрғыны (кісі өлтіру бабы бойынша) қамауда отырған ағасына жеткізбек болған.
– Азамат Р. М. өзінің түсініктемесінде кінәсін толық мойындады. Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, материал Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.