Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әзірбайжандық Амид: “Мен елімді мақтан етемін!”

Түлкібас ауданының полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры әзірбайжандық Амид Нусрадинұлы қазақ тілінде еркін сөйлейді, –  деп хабарлайды Polisia.kz.

Бейбітшілік пен бірліктің берекелі ордасына айналған еліміздің іргесінің берік болуы ондағы өмір сүрген әр шаңыраққа байланысты. Өңірімізде тәуелсіз еліміздің тірлігіне тілеулес болып, Қазақстанды туған Отанындай санайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар да бар. Бір шаңырақтың астында бір ұлттың баласындай болған олар өзара түсіністікпен, сыйластықта өмір сүруде. Солардың бірі – ауданымызда Түлкібас ауданының полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Амид Нусрадинұлы. Ол қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Қарағашты ауылында 1981 жылы қаңтар айының 19-жұлдызында дүниеге келген. 1987 жылы Дауан атындағы орта мектебіне 1-сыныпқа барып, 1998 жылы сол мектептің 11-сыныбын бітірді. 1998 жылы ҚР ІІМ-нің Шымкент заң колледжіне оқуға түсіп, 2000 жылы тәмамдады. 2000-2005 жылдары СҚО ІІД М.Жұмабаев АІІБ КПБ-нің жедел уәкілі лауазымында жұмыс атқарды. 2005-2012 жылдары ОҚО ІІД Түлкібас АІІБ ҚҚБ-нің аға инспекторы болса, 2012 жылдан бастап осы күнге дейін Түлкібас АПБ-де криминалдық полиция бөлімшесінде аға жедел уәкілі, ал 2019 жылдың мамыр айынан бері криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді.

– Біз Қазақстан атты қара шаңырақта тұрып жатқан – біртұтас халықпыз. Әрқайсымыздың ұлтымыз түрлі болғанымен, қатынас құралымыз қазақ тілі. Ол біздің құшағын кеңге жайған байтақ еліміздің мемлекеттік тілі. Мен әзірбайжан баласы болсам да, Қазақстан менің туған жерім. Мен жерімді мақтан етемін!, – дейді Амид.


Түрлі ұлт өкілдерінен құралған үлкен шаңырақ Абиловтар отбасы мүшелерінің барлығы қазақ тілінде еркін сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрлер мен мерекелерге құрметпен қарайды. Тіпті мереке сайын ас мәзіріне де ерекше ынта қойып, қазақы тағамдарды жасайды екен. Бүгінде босағасы берік отбасының басты қағидасы – татулық. Көпұлтты жанұя бола тұра, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, бейбітшілікті жоғары бағалайтын осындай отбасылар мемлекетіміздің мықты тірегі бола бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру