Азық-түлік ұрлаған егде адам ұсталды
Теміртау қаласының тұрғыны бірнеше күн бойы бір супермаркеттен бес рет азық-түлік ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қарашада Қарағанды облысының Теміртау қаласы ПБ Ескіқалалық полиция бөліміне супермаркеттердің бірінде бірнеше рет ұрлық болғаны туралы хабарлама түскен.
Күдікті сөредегі азықты көлеміне қарай таңдап, әр келген кезінде 3-5 мың аралығындағы сомаға бағаланған азық-түлікті жымқыруды әдетке айналдырған.
Супермаркетте орналастырылған бейнебақылау камералары арқылы полиция қызметкерлері сөредегі заттарды аса сақтықпен алып жүрген күдіктіге назар аударды.
Жылдам әрі епті қимылдаған ұры супермаркет қызметкерлеріне байқатпай бірнеше рет ұрлық істеген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнежазбадағы 55 жастағы азаматты ұстап, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 187-бабы (Ұсақ-түйек жымқыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.