Балқаш қаласының тұрғыны үйінде үш келіден астам марихуана сақтаған
Полицейлер үйінде 3 келіден астам кептірілген марихуана сақтаған Балқаш тұрғынын құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Балқаш қаласы полиция бөліміне қаланың бір тұрғынының үйінде ірі мөлшерде есірткі сақтайтыны туралы жедел ақпарат келіп түскен.
Аталған ақпаратты тексеру кезінде полицейлер 10 желтоқсан күні қаладағы үйлердің бірінің алдында 41 жастағы азаматты ұстады. Қарау кезінде одан спецификалық иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған екі қағаз бума және полиэтилен орама алынды.
Сонымен бірге тәртіп сақшылары оның пәтерінен осыған ұқсас зат салынған үш полиэтилен пакет пен буманы тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат жалпы салмағы 3 келі 222 грамды құрайтын кептірілген марихуана екені анықталды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.