Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Банк қызметкерлерінің қырағылығы мен полицияның жедел әрекеті зейнеткердің миллиондарын сақтап қалды

Қостанай облысында банк қызметкерлерінің қырағылығы мен полицияның жедел әрекеті зейнеткердің миллиондарын сақтап қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай қаласында 66 жастағы әйел алаяқтардың құрбаны болудан аман қалды.

Оқиға әйелдің телефонына бұрынғы әріптестерінің атынан келген хабарламадан басталған. Онда өзін заңсыз әрекеттерге қатысы бар күдікті ретінде көрсетіп, артынша белгісіз тұлғалар қоңырау шалып, оны қорқытып, ақшасын аударуға көндіруге тырысқан.

Жәбірленушінің айтуынша, алаяқтар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, оған психологиялық қысым көрсеткен. Соның салдарынан әйел депозиттегі 6,5 млн теңгені шешіп алып, белгісіз шоттарға аударуға дайын болған.

Алайда банкке келген сәтте қаржы ұйымының қызметкері жағдайдың күмәнді екенін байқап, дереу полицияға хабар берген. Әйел бастапқыда көмектен бас тартып, құқық қорғау органдары келгенге дейін бөлімшеден шығып кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында азаматша қаланың орталық бөлігінен табылды. Белгілі болғандай, ол алаяқтардың шотына 500 мың теңге аударып үлгерген. Дегенмен полиция қызметкерлері дер кезінде араласып, қалған 6 млн теңгені сақтап қалды.

Аталған дерек бойынша алаяқтық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарды сақ болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру