Базардағы тәртіп пен көші-қон бақылауы: Алматы қалалық ПД бастығы Жетісу ауданын аралады
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қала аудандарындағы жұмыс сапарын жалғастырып жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті жұмыс сапары барысында ПД бастығы Жетісу ауданына барып, аудандық полиция басқармасының басшылық құрамымен жедел кеңес өткізді. Жиында криминогендік ахуал, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
ПД бастығы орталық киім-кешек базарының аумағын да аралап көрді. Мұнда аудан басшылығымен бірлесіп қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көші-қон бақылауы, заңсыз сауда, автотұрақ ережелерін сақтау, сондай-ақ келушілер мен шетелдік азаматтардың көптігін ескере отырып, полиция жұмысының ұйымдастырылуы мәселелері қаралды.
Айдын Кабдулдинов азаматтармен және сауда нысандарының өкілдерімен сөйлесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ аудан аумағында тәртіпті қамтамасыз ету бойынша полиция басшылығына нақты міндеттер жүктеді.
— Ең бастысы – мәселенің ауқымды сипат алуын күтпеу. Біз жағдайды жергілікті жерде көріп, тұрғындарды тыңдап, олардың өтініштеріне жедел әрекет етуіміз керек. Қауіпсіздік пен тәртіп күн сайын және адамдар көп шоғырланған жерлерде тікелей қамтамасыз етілуі тиіс, — деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Алматы қаласында қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.
