Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бейнебақылау камераларының көмегімен 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Ақтау қаласының Жедел басқару орталығы бейнебақылау камераларының көмегімен 15 күнде 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтау қаласы Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулігіне 500-600-ден астам қоңырау қабылдайды. Жыл басынан бері ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен қала бойынша 794 құқық бұзушылық анықталып, 4 қылмыс ашылды.

Жедел басқару орталығындағы арнайы жабдықтың көмегімен құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, спутниктік байланыс арқылы кез келген бейне материалды ІІМ-нің Ахуалдық орталығына жіберіп, ол полицейлердің одан арғы іс-әрекеттері туралы шешім қабылдауына ықпал етеді.

Сонымен қатар ЖБО-ның көмегімен ПД бастығы еліміздің басқа аймақтарындағы әріптестерімен бейнеконференцияларға, ІІМ басшылығы өткізетін селекторлық кеңестерге қатысады.

Операторлар азаматтардан хабарламалар қабылдауды “102” байланыс арнасы арқылы жүзеге асырады және оларды аға кезекшіге береді, ол өз кезегінде оқиға орнына жақын маңдағы полиция нарядын жібереді.

Сондай-ақ “102” операторлары абоненттермен келіссөздер жүргізіп, орын алған оқиғаның деталдарын нақтылайды және Қылмыстық, Әкімшілік кодекстердің баптары бойынша түсінік береді.

Қаланың электрондық картасында барлық автопатрульдердің орналасқан жері көрсетілген, ол оларды радио байланыс арқылы да, онлайн режимде карта арқылы да бақылап, басқаруға мүмкіндік береді. Картаның қылмыс немесе оқиға болған жерді анықтау үшін де көмегі зор.

– Бүгінде қаланы бақылау жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр деп айтуға болады. Бұл құрылғылар қылмыстың алдын алуға бағытталған, яғни азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғайды. Заңға бағынатын азамат бұл бейнекамералардан қорықпауы тиіс, керісінше қоғамға зиянын тигізетін құқық бұзушыларды анықтау үшін бұл таптырмас құрал, – деп атап өтті ПД бастығы Ж.Бақтыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру