Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

122 көлік заңды иелеріне қайтарылды

Былтыр Алматы облысының полицейлері қолды болған 122 көлікті тауып, өз иелеріне қайтарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы негізгі қызмет бағыттары бойынша былтырғы жылды қорытындылап, жетістіктерімен бөлісті.

Жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кету немесе көлікті заңсыз иеленіп, айдап әкету деректерін әшкерелеу аталған басқарманың іздеу бөлімінің қызметкерлеріне жүктелген.

Кейбір жүргізушілердің абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап, кей жағдайда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалағысы келетіні анық. Ең алдымен, олар осылай жасау арқылы жауапкершіліктен жалтарамыз, ешкім таба алмайды деп қателеседі.

Іздеу бөліміндегі тәжірибелі мамандар әр бөлшектен оқиғаның біртұтас бейнесін құрып, кінәлі жүргізушіні анықтайды.

– Былтыр оқиға орнын тастап, қашып кеткен 20 көліктің жүргізушісін анықтап, кінәсін дәлелдедік. Оның 14 дерегінде кісі өлімі тіркелді. Адамдарды қағу салдарынан оларға түрлі дене жарақаттарын салып, оқиға орнынан қашып кеткен алты жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды. Жасырынған жүргізушіге қосымша бап бойынша іс қозғалып, жазасы ауырлайтынын ескерген абзал, – деді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.

Сонымен қатар, өзгенің темір тұлпарын заңсыз иеленіп кету дерегін әшкерелеп, тәртіп сақшылары 122 көлік иесіне қуаныш сыйлаған. Кәсіби із кесушілер ұрланған көлікті табу уақыт еншісінде екенін және іздеу жұмысында асығудың әрі назардан тыс қалатын ұсақ-түйектің болмайтынын ескертеді.

– Өткен жылы өзгенің көлігін ұрлаудың 122 дерегі ашылып, көліктер иелеріне табысталды. Іздеу жұмыстарында жақсы нәтиже көрсеткен Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Сарқан және Кербұлақ аудандарының қызметкерлерін атап өтуге болады, – деді Бағдат Әшімов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру