Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір әулет – бір мақсат: құқық қорғау жолындағы ұрпақ сабақтастығы

Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Осындай қасиетті қызметті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан өнегелі отбасылардың бірі – Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Оразалы әулеті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әулеттің ақсақалы, ішкі істер органдарының ардагері Алмас Сармантаев құқық қорғау саласында 25 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқарған. Тергеу саласында мол тәжірибе жинақтап, әріптестері мен тұрғындардың құрметіне бөленген ол бүгінде зейнеткерлік демалыста болғанымен, оның еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы кейінгі буынға үлгі болып келеді.

Әке өнегесін көріп өскен ұлы Бақыт Оразалиев құқық қорғау саласына бала кезінен қызығушылық танытқан. Әкесінің қызметтік бас киімін киіп, бір күні өзі де ел қорғайтын азамат болуды армандаған ол сол мақсатына табандылығының арқасында қол жеткізді.

- Біздің отбасымызда үш ағайындымыз. Әкем 25 жыл бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарып, тергеу саласында халқына адал қызмет етті және абыроймен зейнеткерлікке шықты. Мен оның қызметін көріп өстім. Әкеме қарап бой түзеп, өзім де құқық қорғау саласының маманы болуды армандадым. Мектепті аяқтағаннан кейін 2013 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық-техникалық заң және техникалық колледжін тәмамдадым. Кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында білім алып, оны 2021 жылы аяқтадым. Бүгінде бала күнгі арманым орындалып, халқым мен мемлекетіме қызмет етіп келемін. Әкемнің "Ешкімнің ала жібін аттама, еліңе адал қызмет ет, сонда абыройлы боласың" деген өсиеті жадымда мәңгі сақталған, – дейді Бақыт.

Қазіргі таңда Бақыт Оразалиев Шиелі аудандық пробация қызметінде еңбек етеді. Оның айтуынша, арнайы контингентпен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді.

- Сотталған азаматтармен жұмыс істеу оңай емес. Олардың әрқайсысының өмірлік жағдайы мен мінез-құлқы әртүрлі. Біз оларға заң талаптарын түсіндіріп, қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсетеміз. Негізгі мақсатымыз – қателік басқан азаматтардың түзеліп, дұрыс өмір жолына түсуіне ықпал ету, – дейді ол.

Отбасындағы игі дәстүр мұнымен шектелмейді. Бақыттың жұбайы Назым да құқық қорғау саласында қызмет етеді. Ол Шиелі аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы ретінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында еңбек етіп келеді.

Бір мақсат жолында қызмет атқарып жүрген ерлі-зайыптылар мамандықтарының жауапкершілігін терең түсінеді және бір-біріне әрдайым қолдау көрсетеді.

- Жұбайым екеуміз бір саланың мамандарымыз. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз, үнемі қолдап, тәжірибе алмасып отырамыз. Қызметтің оңайы жоқ. Әр азаматтың тағдырына жауапкершілікпен қарап, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін еңбек ету – біздің басты міндетіміз, – дейді Бақыт.

Бүгінде Оразалы әулеті адал еңбек пен отансүйгіштіктің, кәсібіне деген беріктіктің жарқын үлгісіне айналып отыр. Әкеден балаға жалғасқан қызмет жолы мен өмірлік құндылықтар бұл отбасының ғана емес, тұтас қоғамның мақтанышы. Осындай қызметтік әулеттер ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы еңбек етіп, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру