Бір кесек шұжық 12 миллион теңгенің ұрлығын ашуға себеп болған
Қостанай облысы Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері «ізін суытпай» жеке үйден ұрланған 12 миллион теңгенің қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үй иелері балдарын мектепке апару үшін, жарты сағатқа шығып кеткен. Осы сәтті пайдаланып, белгісіз біреулер ас бөлменің терезесін сындырып, қомақты қаражатты ұрлаған.
Жедел-тергеу тобы оқиға орнын тексеру барысында, ақшаның қонақ бөлмесінде сөмкенің ішінде тұрғанын және ол ақшаның үй сатып алу үшін жиналғаны анықталды. Қылмыс орнында полиция қызметкерлері шұжықтың бір бөлігін тапқан. Кейін анықталғандай аулада жүрген итті алаңдатпақ оймен лақтырылған бір кесек шұжықта оның штрихтік таңбасы сақталған. Ол бойынша полицейлер сатып алу орны мен уақытын анықтаған.
Аталған айғақтың көмегімен тәртіп сақшылары үйінде ақша бар екенін білетін және жәбірленушімен жақсы қарым-қатынаста болған танысына шыққан.
Оңтүстік полиция бөлімінің жедел бастығы Серік Нұртаевтың айтуынша, күдікті өзінің үш танысымен бірлесіп, үй иелері жоқ болған уақытта үйге кіріп, қылмысты жасаған.
Қылмыс жасаған барлық төрт күдікті Қостанай қаласында ұсталынды. Олардан заттай дәлелдер мен айғақтар, яғни ақша мен сөмке табылған. Кінәларын толығымен мойндаған күдіктілер, ұрланған 12 миллион теңгенің бір бөлігін, шамамен екі миллион теңгені өз керегіне жұмсап үлгергенін жеткізді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр, күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бары тексеріліп жатыр.