Бір түн ішінде Ақтөбе облысының полицейлері 2 жүргізушіні мас күйде анықтады
Бір түн ішінде Ақтөбе облысының полицейлері екі жүргізушіні есірткі және алкогольдік мас күйде анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұғалжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 11 мамырында сағат 00.30-да Қандыағаш қаласында патрульдеу кезінде 32 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ВАЗ-2110 көлігін тоқтатты. Анықталғандай, жүргізуші бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған бола тұра, көлікті есірткіден мас күйінде басқарған.
Ал Шалқар қаласында патрульдік полиция тобының қызметкерлері түнгі уақытта 32 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Daewoo Matiz көлігін тоқтатқан. Жүргізуші бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты.
ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автокөліктер аудандық полиция бөлімінің тұрағына қойылған. Екі жүргізуші де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті барлық жүргізушілерді заңды бұзбауға шақырады, өйткені масаң күйде жолға шыққанның салдары қайғымен аяқталуы мүмкін. Мас жүргізуші жол қозғалысының барлық қатысушыларына жолаушыларға, жаяу жүргіншілерге, басқа жүргізушілерге үлкен қауіп төндіреді. Егер сіз масаң күйде болсаңыз, ешқандай жағдайда көлік басқармаңыз.
Сондай-ақ, облыстық ПД жол қозғалысының барлық қатысушыларына рульге мас күйде отыру мәселесіне бей-жай қарамауды сұрайды. Жолда мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілер туралы 102 телефоны бойынша полицияға уақтылы хабарлау қажет. Полиция қызметкерлері мас жүргізушілер туралы хабарламаларға қажетті жедел әрекет ету шараларын қабылдауға дайын.