Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше ұрлыққа қатысы бар 26 жастағы атыраулық қамауға алынды

Атырау полицейлері қала аумағында орын алған ұрлық қылмыстарын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс орталықтарында азаматтардың жеке мүліктерін, атап айтқанда, көпқабатты үйлердің пәтерлері мен жеке меншік офистардың, азық-түлік дүкендердің терезелерін майыстыру, кілтін үйлестіру немесе есігін бұзып кіру арқылы ұрлық жасаған бірнеше күдікті анықталып, ұсталды.

Жедел уәкілдердің “құрығына” іліккендердің бірі,
ұрлық жасауға бейім 1994 жылы туған Атырау қаласының тұрғынын тексеру барысында, күдіктінің бір өзі биылғы жыл басынан бірнеше қылмыс жасағаны анықталды.

– Қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерінің жүргізген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде, күдікті ұсталып, облыс орталығында жеті ұрлық қылмыстарына қатысты екені анықталды, – деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.

Күдіктінің наурыздың 14-нен 15-не қараған түні Балықшы поселкесі Қалдаяқов көшесінде орналасқан дүкендердің бірінің терезесін сындыру арқылы кіріп, түрлі бұйымдарды ұрлағаны; маусымның 17-нен 18-не қараған түні  Азаттық даңғылында орналасқан дәріхана терезесін ығыстырып ашып, кіріп, темір жәшіктен 4000 теңгеден астам ақшаны ұрлағаны; шілденің 26-нан 27-не қараған түні Гурьев көшесіндегі азық-түлік дүкенінің терезесін ығыстырып ашу арқылы кіріп, қымбат бағалы спирттік ішімдік, темекі, т.б. ұрлағаны; сонымен қатар, осындай тағы төрт қылмысты жасау жолдары да анықталды.

Күдікті тергеу абақтысына қамауға алынып, тергеу-тексеру жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру