Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар астаналық тұрғын ұсталды

Бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар астаналық тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде велосипед ұрлауға қатысы бар 26 жастағы ер адамды анықтады.

Тергеу барысында күдікті, көптеген тұрғындардың кіреберістерде екі дөңгелекті көліктерін қалдырып кететінін біліп, қылмыстық оймен үйлерді аралай бастағаны анықталды.

Ш.Құдайбердіұлы көшесіндегі үйдің есігі құлыпталмағанын пайдаланып, ол түскі уақытта кіреберіске кіріп, баспалдақ алаңынан бекітілмеген балалар велосипедін ұрлаған.

Сол күні, сағат 19:00-де ол Рысқұлбеков көшесіндегі үйдің кіреберісіне кіріп, баспалдақтан «Фокус» маркалы велосипедті ұрлап кеткен. Ұрланған велосипедтерді ол сатып жіберген.

Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдемелер тәркіленді.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.

Велосипед ұрлығы – маусымдық қылмыс. Күн жылына басталуымен көптеген қала тұрғындары екі дөңгелекті көлікке ауысады. Мұны қаскөйлер пайдаланып, қоғамдық орындардан ұрлық жасайды.

Астана қаласының полиция департаменті қырағы болуға, велосипедтерді қараусыз қалдырмауға, ұрлыққа қарсы сапалы велосипед құлыптарын пайдалануға кеңес береді. Егер сіз күдікті адамдарды байқасаңыз, полицияға «102» арнасына хабарлауды сұраймыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру