Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл елімізде белгіленбеген жерлерден теміржол төсемін кесіп өткен 27 837 азамат жауапқа тартылды

Елімізде жыл басынан бері белгіленбеген жерлерден теміржол төсемін кесіп өткені үшін 27 837 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдың басынан бері Көліктегі ПД мен оның желілік бөліністері қызметкерлерімен белгіленбеген жерлерден теміржол төсемін кесіп өткені үшін 27 837 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Пойыздардың шұғыл тежелуінің 1863 фактісі тіркелді, оның ішінде темір жолда адамдардың болуы салдарынан – 364, жануарлардың болуына байланысты 1270 дерек  және тағы басқа да себептермен пойыздар шұғыл тоқтаған. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді.

– Тергеу материалдары жазатайым оқиғалар азаматтардың қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзулары салдарынан болатындығын көрсетеді. Көп жағдайда адамдар темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп жарақат алып немесе пойыз астына түсіп мерт болып жатады. Соңы қайғыға әкеп соқтыратын оқиғалар теміржол төсемін жаяу жүргіншілер жолы ретінде пайдаланылған кезде болады, – деді Б.Малыбаев.

Сондықтан теміржол маңында әр адам өте мұқият болуы керек. Департамент қызметкерлері теміржол ұйымдарымен бірлесе отырып, пойыздардың қозғалысы аймағында азаматтардың жарақат алуын болдырмауға бағытталған “Тоқтаңыз, басып кету қаупі бар!”, “Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ!” профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Мәселен, осы мерзім ішінде тәртіп сақшылары халықпен 2952 жиын, жолаушылар пойыздарында 3136 кездесу, сондай-ақ оқу орындарында 3193 дәріс өткізіп, теміржол объектілерінің негізгі қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Жоғарыда жүргізілген профилактикалық іс-шараларға қарамастан, азаматтар теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастыруда, осылайша өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Жыл басынан бері пойыз астына сақтық шараларын сақтамаған 90 азамат түсіп, оның жартысынан көбі өліммен аяқталды, соның ішінде 6 факт бойынша балалар зардап шекті. Өткен аптаның өзінде пойыз астына екі адам түсті. Өкінішке орай, олардың бірі өліммен аяқталды.

– Әрбір азамат темір жолдың қауіптілігі жоғары аймақ екенін ұмытпауы шарт. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және темір жолдарды тек арнайы белгіленген жерлерден өту қажет. Сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығы айқын әрі дұрыс әрекетіңізге байланысты. Әрдайым, сақ болыңыздар, – деп ведомство басшысы сөзін аяқтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру