Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Блок-бекеттерде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Жетісай ауданында полицейлер 20-дан астам блок-бекеттерде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы аумағында да коронавирус тіркелді.
Бүгінгі күні Түркістан облысында коронавирус індеті 11 адамнан табылды, оның ішінде Жетісай ауданында “тәжтажал” аталып кеткен вирусты сегіз тұрғын жұқтырған. Аталған вирустың, облыстың басқа да аумағына таралмауы үшін қажетті шаралардың барлығы жасалып жатыр. Жетісай ауданы аумағының өзінде 14 блок-бекеттер қойылса, қала ішіндегі мөлтек аудандарға 9-ы орнатылды.

 


Әкімдік қызметкерлері, мектептің әскери мұғалімдері, ТЖ қызметкерлері, құзырлы мекемелердің өкілдерінен құрылған бес мобильдік топтар бір көшені қалдырмастан аралап шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Президентінің төтенше жағдай енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес қызмет атқарып жатыр. Учаскелік полиция инспекторлары адамдардың топтасуына, кафе-бар, ойын-сауық орындарының сағат түнгі 22:00-ден кейін жұмыс істеуіне тыйым салып, күшейтілген режимде жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесінде, бірнеше
құқықбұзушылықтар анықталды.
Мәселен, азық-түлік дүкенінің екінші қабатында орналасқан компьютерлік ойынханада тұрғындарға қызмет көрсетіп, ойнатып жатқан кәсіпкер анықталды. Бұл азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс-құжаттар аудандық сотқа жолданып, сот қаулысымен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан той тойлап жүрген тұрғындар да баршылық. Кезекті рейд барысында полицейлер “Тұсаукесер” тойын өткізген тұрғын мен тойхана егесі анықталды. Аталған жайт “Төтенше жағдай режимін бұзу” бойынша тіркеліп, кәсіпкерге де, тұрғынға да хаттама толтырылған.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары азаматтарға сақтық шараларын жасауды ескертеді. Адамдар көп шоғырланатын аймақтарға барудан бас тартыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру