Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да 150 студент киберволонтерлер қатарына қосылды

БҚО-да 150 студент киберволонтерлер қатарына қосылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті “Заң және Тәртіп” қағидатын іске асыру аясында цифрландыру басқармасымен бірлесіп, киберволонтерлікті дамытуға бағытталған ауқымды бастаманың ресми түрде іске қосылғанын жариялады.

Жоба 17 сәуір күні өңірлік IT-хаб — Batys Hub алаңында бастау алып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — интернет-алаяқтыққа қарсы күресте жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті.

Аталған бастама республика көлемінде алғаш рет жүзеге асырылып отырған бірегей жоба. Оның негізгі мақсаты — креативті, белсенді әрі цифрлық сауатты жастарды біріктіру арқылы қауіпсіз онлайн-орта қалыптастыру, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу.

Screenshot

Іс-шара барысында студенттер мен жас блогерлер жобаға жоғары қызығушылық танытып, киберқауіпсіздік саласында өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді. Белсенді жастардың қатысуы бастаманың болашағы зор екенін айқындайды.

Алдағы уақытта киберволонтерлік қозғалыс жаңа форматта дамиды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, цифрлық кеңістікте қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа жобалар мен интерактивті форматтар іске қосылады. Сонымен қатар жастардың қатысуымен әлеуметтік желілерде профилактикалық контенттер әзірленіп, киберқылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіледі.

Бұл бастама тек өңірлік деңгейде ғана емес, болашақта республика көлемінде кеңінен таралатын ірі қозғалыстың бастауы болмақ.

Шараға 150-ге жуық студент қатысып, барлығы полицияның қоғамдық көмекшісі болуға ниет білдірді.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Артур Мусагалиев бастаманың маңыздылығын атап өтіп, киберволонтерлердің қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру