Павлодар облысында колледж студенттері мен мектеп түлектерімен кездесу өткізілді
“Заң және тәртіп” іс-шарасы аясында ҚР ІІМ ҚАЖК №44 мекемесі РММ бастығының орынбасары Қанат Рахимов колледж студенттері мен мектеп түлектерімен кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Дөңгелек үстел барысында спикер жастар арасында өзекті мәселеге айналған дропперлік туралы айтты. Оның айтуынша, дропперлер — алаяқтық схемаларда делдал ретінде өздерінің банк карталарын ұсынып, ұрланған қаражатты аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін тұлғалар. Көбінесе жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы “жеңіл табыс” уәде етіп тартады.
Қанат Рахимов 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін атап өтті. Банк карталарын беру және күмәнді қаржылық аударымдарға қатысу үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған. Сонымен қатар дропперлер сот арқылы ұрланған қаражатты толық өтеуге міндеттеледі.
Сондай-ақ алаяқтар “аударым операторы”, “транзиттік менеджер” сияқты атауларды қолданғанымен, іс жүзінде бұл қылмысқа сыбайлас болу екенін атап өтті. Тергеу барысында ең алдымен жауапкершілік банк шотының иесіне жүктеледі.
Кездесу соңында Қанат Рахимов жастарды банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді ұсыныстардан бас тартуға және күдікті жағдайларды ата-аналарымен немесе ұстаздарымен талқылауға шақырды.
Іс-шара Павлодар облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде өтті.
